
Польша профессоры ЕҰУ халықаралық құқық кафедрасы студенттері мен оқытушыларына дәріс оқыды

2026 жылғы 8–12 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заң факультеті Халықаралық құқық кафедрасында Польша Республикасындағы Жешув университетінің профессоры, доктор Роман Улияштың (Roman Uliasz) академиялық сапары өтті.
Сапар аясында профессор «6В04202 – Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Халықаралық жеке құқық» пәні бойынша дәрістер оқыды. Дәрістер барысында жеке құқықтағы құқықтық ұғымдардың ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйелердегі құқықтық концепциялардың трансформациясы, көптілді құқықтық терминологияның маңызы және компания құқығындағы құқықтық ұғымдардың юрисдикциялық ерекшеліктері талқыланды.
Сонымен қатар халықаралық коммерциялық шарттарды түсінудің әртүрлі тәсілдері мен компания құқығының негізгі және арнайы құқықтық категориялары қарастырылды.
Сапардың қорытынды кезеңінде профессор Роман Улияш оқытушылар мен білім алушыларға арналған case-study әдісі бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Шетелдік ғалымның сапары университеттің интернационалдандыру стратегиясын жүзеге асыруға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және білім алушылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға маңызды үлес қосты.
