
Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының магистранттары Шанхай ынтымақтастық ұйымының «Shanghe Youth» беделді халықаралық бағдарламасын сәтті аяқтады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының «7M04209 – Сот сараптамасы» білім беру бағдарламасының магистранттары Асхатова Бахтыгүл мен Кужахметова Гульнур Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің заң жоғары оқу орындары альянсы аясында жүзеге асырылатын «Shanghe Youth» беделді халықаралық білім беру бағдарламасын сәтті аяқтады. Дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсімі 2026 жылғы 30 маусымда Қытай Халық Республикасындағы Шанхай саясаттану және құқық университеті жанындағы ШЫҰ үшін Халықаралық заңгерлерді даярлау және ынтымақтастық орталығында өтті.
«Shanghe Youth» бағдарламасы ШЫҰ құқықтық кеңістігіндегі жетекші халықаралық білім беру бастамаларының бірі болып табылады. Бағдарлама халықаралық құқық саласындағы заманауи білімге, мемлекетаралық құқықтық өзара іс-қимыл дағдыларына, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, құқық үстемдігін нығайтуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құқықтық институттарын жетілдіруге қажетті кәсіби құзыреттерге ие жоғары білікті жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
Оқу барысында Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының магистранттары Қытай мен шетелдің жетекші ғалымдарының жетекшілігімен қарқынды білім алды. Бағдарлама халықаралық құқық, ШЫҰ мемлекеттері арасындағы құқықтық ынтымақтастық, салыстырмалы құқықтану және құқықтық жүйелердің заманауи даму үрдістері бойынша мамандандырылған курстарды, сондай-ақ ғылыми семинарларды, сарапшылық дәрістерді, практикалық сабақтарды және халықаралық құқықтық тәжірибенің өзекті мәселелеріне арналған академиялық пікірталастарды қамтыды.
Бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі Қытай Халық Республикасының мемлекеттік және сот органдарына ұйымдастырылған көшпелі білім беру модульдері болды. Магистранттар Шанхай қалалық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің, Цинпу ауданы халық прокуратурасының, Сунцзян ауданы халық сотының және Шэшань кенті халық сотының қызметімен танысып, Қытайдағы сот билігін ұйымдастырудың, прокурорлық қадағалаудың және сот төрелігін жүзеге асыру тетіктерінің ерекшеліктерін зерделеді.
Бағдарлама қатысушыларын оқуды табысты аяқтауымен Шанхай саясаттану және құқық университетінің проректоры, ШЫҰ үшін Халықаралық заңгерлерді даярлау және ынтымақтастық орталығының атқарушы директоры Ло Лиган құттықтады. Өз сөзінде ол «Shanghe Youth» бағдарламасы жаһандық құқықтық ойлау қабілеті қалыптасқан, кәсіби даярлығы жоғары әрі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы құқықтық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға дайын жас заңгерлер қауымдастығын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
2024 жылы іске қосылған сәттен бастап бағдарлама ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден келген 76 жас зерттеуші мен маманды біріктіріп, заң саласындағы болашақ көшбасшыларды даярлауға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға арналған халықаралық деңгейде мойындалған алаңға айналды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті магистранттарының «Shanghe Youth» бағдарламасына қатысуы университет білім алушыларының жоғары даярлық деңгейін және олардың халықаралық білім беру кеңістігіне табысты ықпалдасып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бағдарлама барысында алған білімдері, жинақтаған практикалық тәжірибесі және қалыптасқан кәсіби байланыстары алдағы ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, бірлескен халықаралық жобаларды іске асыруға және ЕҰУ-дың жетекші шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен академиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды.
Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы Асхатова Бахтыгүл мен Кужахметова Гульнурды халықаралық бағдарламаны табысты аяқтауларымен шын жүректен құттықтап, ғылыми қызметтеріне толайым табыс, кәсіби жетістіктер және халықаралық академиялық кеңістікте жаңа белестерді бағындыруларына тілектестік білдіреді.
